Құжат қалада LEZ аймағын — Low Emission Zone енгізеді. Бұл аймақта шығарындылары белгіленген нормалардан асатын автокөліктердің қозғалысы шектеледі. Сондай-ақ белгілі бір нысандарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады.
Қағидалар қалай әзірленді
Дайындау барысында Пекин тәжірибесіне сүйенді. Онда жеке секторды газдандырды, ЖЭО-ны газға ауыстырды, ластаушы кәсіпорындарды қала шегінен шығарды және ескі автокөліктердің кіруін шектеді. Алматыда бір жылдық өтпелі кезең қарастырылған, ал Пекинде қағидалар бірден күшіне енген.
LEZ пилоттық жобасы
Қазір Бөгенбай батыр көшесі — Абай даңғылы — Желтоқсан көшесі — Достық даңғылы шекарасында пилоттық аймақ жұмыс істейді. «Сергек» камералары мен Almaty Parking жүйесінің көмегімен жүріп өтетін көліктердің саны мен жасы, олардың экологиялық класы туралы деректер жиналады. Талдау қорытындысы екі-үш айдан кейін шығарылады.
Автокөліктер қалай тексеріледі
2027 жылдан бастап LEZ аймағына тек шығарындылары нормаларға сәйкес келетін көліктердің кіруіне рұқсат етіледі. Техникалық қараудан өткені және экологиялық класы туралы деректер камералар арқылы автоматты түрде тексеріледі. Автокөлік тексеруден өтпесе, алдымен ескерту, содан кейін айыппұл салынады. Талаптар көліктің тіркелген жеріне қарамастан барлық жүргізушілер үшін бірдей.
III санатты нысандар және жеке үйлер
Алматыдағы жеке үйлердің 99,6 %-ы газдандырылған. Монша, шашлыкхана және басқа III санатты нысандардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде: олар экологиялық таза отынға ауысуы немесе сүзгілер орнатуы қажет. Қатты отынды жағғаны үшін айыппұл салынады.
Облыспен және ЖЭО-мен жұмыс
Алматы облысы әкімдігімен іргелес аудандардағы шамамен 18 мың жеке үйді газдандыру жөніндегі жол картасына қол қойылды. Сондай-ақ ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға ауыстыру жалғасуда. Осыдан кейін ЖЭО-2 шығарындылары жылына 37 мыңнан 2,5 мың тоннаға, ал ЖЭО-3 шығарындылары 12 мыңнан 1,6 мың тоннаға дейін төмендеуі тиіс.