Іс биылғы қаңтарда жария болды. Сол кезде 17 жастағы қыз әлеуметтік желіде 2025 жылдың қарашасында Шымкенттегі Ташкент тас жолындағы АЗС маңында төрт ер адам оны күштеп көлікке отырғызып, телефонды тартып алып, Сарыағаш ауданының Дербісек ауылына әкеткенін жазды.
Зардап шеккен қыздың айтуынша, жастардың бірінің туыстары алдын ала құдалыққа дайындалып, оған қысым көрсетіп, ерікті түрде келгені туралы қолхат жаздырған. Қыз сондай-ақ оны жыныстық қатынасқа мәжбүрлегенін мәлімдеді. Ол қашып, анасының үйіне оралды. Полиция ҚР ҚК-нің 125-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сот үш сотталушының іздеуде жүрген тағы бір адаммен алдын ала сөз байласып, қызды Сарыағаш ауданындағы жеке үйге күштеп әкеліп, сонда некеге тұруға мәжбүрлегенін анықтады. Кінә сот сараптамаларымен, заттай дәлелдермен және куәгерлердің айғақтарымен расталды.
Сотья Айнель Орақбаева зардап шеккен қыздың жастардың бірімен таныс болғанын және онымен кездесуге келіскенін атап өтті. Ол ерікті түрде көлікке отырған, бірақ кездесуді қарапайым серуен деп санаған және «алып қашуға» келісім бермеген.
Прокурор әр сотталушыға үш жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Зардап шеккен тарап бұл позицияны қолдады. Сотталушылар кінәсін мойындамады және ақтау үкімін сұрады.
Сот үш адамды ҚР ҚК-нің 125-1-бабы 2-бөлігінің 1, 2 және 4-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына үш жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушылардың біріне жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының бар екені ескерілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандардың туыстары оны апелляциялық тәртіппен шағымданбақ.