Орал қаласының теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары 95%-ға аяқталды. Нұрлыбек Нәлібаев алаңды қарап шығып, мердігерлерге жұмыстардың жоғары сапасын қамтамасыз етуді, сондай-ақ балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Станцияда төрт эскалатор мен үш лифт орнатылды, жаяу жүргіншілер өткелі салынды және перронға тікелей шығу ұйымдастырылды. Инженерлік желілер толық жаңартылды. Жергілікті бюджет есебінен іргелес аумақ абаттандырылады. Сонымен қатар, Шыңғырлау ауданында жаңа вокзал салынуда, ал Бөрлі және Тасқала аудандарында екі станция жөнделуде.
Орал арқылы жаңа көпір
Нұрлыбек Нәлібаев құны 71 млрд теңге болатын Орал өзені арқылы көпір жобасымен танысты. Нысан «Ақтөбе — Орал — РФ шекарасы» жолында орналасқан. Жоба 8 км жол мен екі көпірдің құрылысын қамтиды: арналық көпірдің ұзындығы 513 м, жайылмалық көпір — 1710 м. Техникалық-экономикалық негіздеме келісілген. Бірінші вице-премьер мемлекеттік сараптамадан өтуді жеделдетуді және сапаны сақтай отырып шығындарды оңтайландыруды тапсырды.
«Ақжайық» шағын ауданы
Жаңа «Ақжайық» шағын ауданында 420 гектардың 100 гектары игерілді. Мұнда 50 мың адамға арналған тұрғын үй салу жоспарлануда. 1044 пәтерлік 10 үй және оңалту орталығы пайдалануға берілді. Тағы 16 үй салынуда, 648 пәтер жыл соңына дейін тапсырылады. Болашақта 60 әлеуметтік нысан, оның ішінде мектептер, балабақшалар, аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың орындық стадион пайда болады.
«Квант» жиһаз фабрикасы
Нұрлыбек Нәлібаев «Квант» ЖШС-не барды. Кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді, төрт өндірістік желі поролон, матрац және жиһаз шығарады. 2025 жылы өнім 2,5 млрд теңгеден астам сомаға өндірілді, 2026 жылдың алғашқы төрт айында — 654 млн теңгеге. Фабрика басшылығы несиелер бойынша бір жылдық кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Бірінші вице-премьер мәселені тиісті ведомстволармен пысықтауды тапсырды.